Мәншүк Аймұрзиева: "Сыбайлас жемқорлық туралы әңгіме көп, бірақ нақты факт жоқ"

Дәрігерлерге арналған баспана, жалған еңбекке жарамсыздық парақтары, балалар өлімі, мамандық беделі және тағы басқалар туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВАМЕН жүргізілген «АЖ» сұхбатынан оқи аласыздар.

НЕЛІКТЕН ДӘРІГЕРЛЕР ЖЕТІСПЕЙДІ?

-  Осыдан бір жарым жыл бұрын Атырауға Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары лауазымынан қазіргі орныңызға келген кезде газетімізге берген сұхбатыңызда өңіріміздің денсаулық сақтау деңгейін көтеруді мақсат етіп қойғаныңызды айтқан едіңіз. Осы мақсатқа жете алдыңыз ба?

- Мен денсаулық сақтау саласын дамытуға келдім деп айтқан дұрысырақ болар. Деңгейді көтеру - бұл бір жылда орындалатын шаруа емес, бірақ бүгінгі таңда көп нәрсе жасалды деп есептеймін. Кейбірін ғана айтып өтейін: медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайды, денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру жүргізілді, стационарлар мен “жедел жәрдемдегі” қабылдау бөлімшелерінің жұмысы жаңартылды, учаскелер бөліп кішірейтілді, жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесі азайды, 12 медициналық ұйым шаруашылық жүргізу құқығына ауыстырылды,  құрамына бизнесмендер, депутаттар, заңгерлер, экономистер енген бақылау кеңестері құрылды. Үш республикалық және бір халықаралық конференция өткізілді. Алда әлі көп жұмыс бар, үлкен жоспарлар бар. Жетекшілік ету қолымнан келіп жатыр ма, жоқ па, оған мен емес, жоғарғы басшылық пен жұртшылық, соның ішінде депутаттар, бұқаралық ақпарат құралдары және әрине, бірінші кезекте пациенттер баға береді.

- Бүгінде қандай дәрігерлер жетіспейді және қандай себептермен?

- Жалпы практика дәрігерлері, акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, неонатологтар, балалар мен ересектер пульмонологтары, балалар нефрологтары, балалар және ересектер инфекционистері, фтизиатрлар мен фтизиопедиатрлар жеткіліксіз. Себептер... Дәрігердің жұмысы ауыр, оған үлкен жауапкершілік жүктелген, ал жалақысы көп емес. Бүгінде дәрігер болу үшін 9-12 жыл оқу керек. Жастар жауапкершілігі аз, ақшасы көп жұмыс табуға тырысады. Оның үстіне, интернатура мен резидентурада оқу құны - 700 мыңнан бастап миллион теңгеге дейін. Айтпақшы, бұл тұрғыда соңғы жылдары жергілікті билік жақсы көмек көрсетіп келеді, медициналық жоғары оқу орындарының студенттеріне демеушілік жасау және дәрігерлерге тұрғын үй ұсыну бағдарламалары енгізілуде. Осылардың арқасында соңғы үш жылда Атырау облысына 460 дәрігер келді.

- Бұқаралық ақпарат құралдарында пациенттің денсаулығына елеулі зиян келтірген немесе тіпті, өлімге әкелген дәрігерлік қателіктер туралы жиі жазылып жүр. Бұл құбылыстың ауқымы туралы не айтасыз?

- Әрбір осындай оқиға төтенше жағдай деп бағаланады, тиісті қадағалау органдары мен тәуелсіз сарапшылар, ең ауыр жағдайларда құқық қорғау органдары тергеуге қатысады, ал денсаулық сақтау басқармасы мұндай жағдайға жол бермеу және тәуекелдердің себептерін жою шараларын алады. Бұл тұрғыда ашықтық бар, медициналық ұйымдардың өздері мұндай фактілер туралы дереу уәкілетті органдарға хабарлайды. Соңғы жылдары мұндай фактілердің саны азайды, сондықтан да үлкен ауқым деп айтпас едім.

- Бір жасқа дейінгі балалар өліміне қатысты жағдай қалай?

- 2018 жылдың 7 айында Атырау облысында 1 жасқа дейінгі 89 бала шетінеп кетті. Жаңа туған нәрестелердің өліміне тыныс алу жүйесінің бұзылулары, өмірге сай келмейтін даму кемістіктері де себеп болды. Осы кезеңде ауыр жағдайдағы жаңа туған 391 нәресте, негізінен шала туылған сәбилер дәрігерлердің бақылауында болды. Ана денсаулығы нашар болса, босану арасындағы аралық сақталмаса, бала шала туады. Балаға күтім жасау ережесін білетін ата-аналар көп болса екен дейміз. Аналар мен отбасы мүшелері балалардан дабыл белгілерін дер кезінде байқап, жедел жәрдем келгенше алғашқы көмек көрсете алуы тиіс. Қазір емханаларда жүкті әйелдер мен сәбилерді патронаждыққа алу көлемі екі еседей артты, ең кішкентай пациенттермен жұмыс істейтін медбикелер 100% толық жинақталған. Бір жыл ішінде медицина қызметкерлері бірнеше рет балалар аурулары мен патронаждық қызметті қатар алып жүру дайындығынан өтті. Мұның бәрі оң нәтиже беріп, бұл жұмыс жалғасын табады деп ойлаймын.

- Биылғы қыркүйекте облыстық перинаталдық орталықта босанған әйелдің өліміне қатысты тергеу немен аяқталды?

- Материалдар тергеу жүргізу үшін қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне және құқық қорғау органдарына  жолданды. Біздің деректеріміз бойынша, әйел мен туыстары медициналық көмекке кеш жүгінгендіктен перинаталдық орталық деңгейінде бұл өлімнің алдын алу мүмкін болмады.

«ЖАЛҒАН” АНЫҚТАМАЛАР? ФАКТІ БАР МА?

- Облыстық ауруханада бір палатада 8 адамға дейін жатады. Бұл осындай екінші аурухана қажет деген сөз бе?
- Атырау облыстық ауруханасы төсек сыйымдылығы бойынша штаттық режимде жұмыс істейді. Тек терапиялық бөлімде перде арқылы бір-бірінен бөлінген 7-8 пациентке арналған зал бар. Басқа бөлімшелерде палаталар  стандарттарға сәйкес келеді. Бірақ жаңарту қажет. 1967 жылы салынған облыстық аурухананың бірінші корпусына 2012 жылы күрделі жөндеу жүргізілді. 2002 жылғы корпус күрделі жөндеуден өтуі керек, жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл бірнеше қызметтерді көппрофильді құрамға - хирургияға, терапияға және басқаларға біріктіруге мүмкіндік береді. Заманауи аурухана пациенттер қауіпсіздігінің жаңа талаптарына сай болуы тиіс, ол жерде жаңа сору-желдету жүйесі, автоматтандырылған жұмыс орындары, дәрі-дәрмектердің үйлесімділігіне қатысты қателіктерді болдырмау үшін орталықтандырылған фармацевтикалық жүйе және т.с.с. болуы керек.

- Қала тұрғындары облыстық ауруханада қымбат тұратын кейбір медициналық құрылғылардың қаңтарылып тұрғанын айтады. Бұл олармен жұмыс істейтін тиісті мамандар болмағандықтан тұр ма?

- Облыстық ауруханада биылғы тамыз айында істен шыққан МРТ-дан басқа қаңтарылып тұрған қымбат аппараттар жоқ. Қыркүйек айында жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, МРТ аппараты үшін қосалқы бөлшектерге тендер ұйымдастырылды. Алайда тендерді жеңіп шыққан фирма осы қосалқы бөлшектерді ақыры жеткізбеді – оны сотқа беріп, қайтадан конкурс жариялауға тура келді.
Мемлекеттік сатып алулар, тендерлер біраз уақытты алады. Алдағы күндері бұл аппарат іске қосылады. Айта кету керек, бұл аймақтағы жалғыз құрылғы емес, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жеке медициналық ұйым да осы қызметті көрсетеді. Бұдан басқа, 2019 жылы тағы бір МРТ-ны сатып алу туралы өтінім жасалды.

- Біздің аймаққа көппрофильді аурухананың қажеттілігі туралы көптен бері айтылып келеді. Бүгінгі жағдай қандай?

- Қазір құрылыс мәселесі мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр. Көппрофильді аурухананың қажет екені сөзсіз. Үлкен артықшылықтары - негізгі құралдар мен кадрларды ұтымды пайдалану, қаржыны үнемдеу, командада жұмыс істейтін бір-бірімен байланысты бірнеше мамандардан көрсетілімдер бойынша бір жерден қатарынан көмек ала алатын пациенттер үшін қолайлылық.

- Атырауда бір күн сабаққа бармай қалған студент 500 теңгеге медициналық анықтама сатып ала алады, ал еңбекке жарамсыздық парағы 5 мың теңге шамасында деседі. Қандай түсінік бересіз?

- Көп әңгімелер айтылады, бірақ жалған анықтамалар мен еңбекке жарамсыздық парақтарының берілгені туралы бірде-бір нақты факт жоқ. Денсаулық сақтау басқармасы профилактикалық іс-шараларды өткізді, ауруханалар мен емханаларға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау үшін «құпия қонақтар» жіберілді, бірақ дәрігерлер жалған анықтамалар беруден бас тартты. Оның үстіне, медициналық ұйымдарға ақпараттық жүйелер енгізілгеннен кейін анықтамалар мен еңбекке жарамсыздық парақтарын беру орталықтан жүргізіледі. Жеке медициналық ұйымдарға кепіл бола алмаймын. Егер кімде-кім анықтамаларды және еңбекке жарамсыздық парақтарын сату фактілері туралы нақты ақпарат білсе, денсаулық сақтау басқармасына хабарласыңыздар.

«МЕДИКТЕРГЕ АРНАЛҒАН БАСПАНАҒА ҚАТЫСТЫ ЖАҒДАЙ ЖАҚСАРА ТҮСЕДІ»

- Емханаларға тіркелу процедурасы қарқынмен жүріп жатыр, адамдарды олардың келісімінсіз тіркеген фактілер орын алды.

- Техникалық қателіктер болуы мүмкін, бірақ олар да бірен-саран. Шағыммен жүгінген адамдарға дәлелді жауаптар берілді және мәселе дәл сол сәтте шешілді.

- Жазда «АЖ»-да  басқа өңірлерден Атырауға шақыртылған тәжірибелі 17 дәрігердің уәде етілген тұрғын үйді күтпестен кетпекші болғаны туралы жарияланым шықты. Бұл жағдай қалай шешілді? Жалпы, Атырау облысында қанша дәрігер тұрғын үйге мұқтаж?

- Қазір облыс бойынша 1263 медицина қызметкеріне пәтер қажет. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау басқармасы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірігіп, «Медиктер үйі» жобасымен жұмыс жасап жатыр, жоба аясында 72 пәтерлі үй пайдалануға беріледі. Пәтерге мұқтаж, негізінен, басқа жақтан келген дәрігерлерге пәтер бірінші кезекте беріледі. Жеңілдікпен несиелендіру бойынша тағы 292 маман баспана алады. Бұл дәрігерлерді облысқа орнықтыру механизмдерінің бірі. Ауылда тұрғын үй бөлуге қатысты мәселе жоқ.  Аталмыш 17 адамға қатысты – білмеймін, егер медицина мамандығын ықыласыңызбен таңдаған болсаңыз, бұлай саудаласу тіптен орынсыз. Атырауда тұрғын үйлер қарқынды салынуда, жағдай жақсаратын болады.

- Облыстық онкологиялық диспансер тозығы жеткен ескі ғимаратта орналасқан. Жаңасы салына ма? Оларда дәрігерлер жеткілікті ме?

- Иә, ғимарат 100% ескірген, қазіргі уақытта 2019-2022 жылдарға 400 орындық көп профильді аурухана жанынан 100 кереуеттік заманауи онкологиялық орталықтың құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Бүгінгі күні онкологиялық диспансер құрылымына мамандандырылған 3 бөлімшесі және консультативтік-диагностикалық бөлімшесі бар 100 кереуеттік стационар кіреді. Күндізгі стационар мен психологиялық және моральдық қолдау көрсету үшін паллиативтік терапия бөлімшесі қызмет істейді. Есепте 3 841 пациент тұр. Дәрігерлердің толық жинақталуы 94% құрайды.

- Сұхбат басында сіз үлкен жоспарлар туралы айтқан едіңіз. Келесі жылға не жоспарланған?

- Мемлекеттік-жеке әріптестікті, медициналық мекемелерді цифрландыруды, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді одан әрі дамыту, орта медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру, дәрігерлерді шетелдерде оқыту, мастер-кластар өткізу және тағы басқалар. Облыстағы бірқатар денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жүргізу қарастырылған.

Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор
Материалды көшіріп басқанда және басқаша пайдалану кезінде azh.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы