Атырауда созылмалы ауруға шалдыққан науқастарға тегін дәрі беруде кедергілер жоқ

«Емханалар онлайн режимде болғанымен, қан қысымы, гипертония, қант диабеті, астма сынды созылмалы ауруға шалдыққан науқастарға дәрілерді тегін беруде кедергілер жоқ» деп хабарлайды Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз-қызметі.

«Кей ​ науқастарға медбикелер дәрілерді үйлеріне жеткізіп тастауда. Ал, кей жағдайда науқастар емханаға келіп, дәрілерді өздері алып кетіп жатыр» дейді Геолог емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Ақтоты Дүйсен.

Айта кетелік, пандемия жағдайына байланысты, емханалар жанынан мобильдік топтар жұмыс істеп жатыр. Геолог емханасы жанында осындай 6 мобильдік топ бар.

«Егер науқастың жағдайында ауырлау болып жатса, мобильдік топ жеке үйіне барып ем-шара жасайды. Ал, шұғыл жағдайда анализ тапсырушылар үшін, зертханаға онлайн жүйе арқылы жолдама беріліп отыр. Қазіргі уақытта жүкті әйелдерді офлайн режимде қабылдау жалғасуда» деді Геолог емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Ақтоты Дүйсен.