КОРОНАВИРУСТЫҢ СИМПТОМСЫЗ ТҮРІ ЖҰҒА МА?

Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың 80 пайызында ауру симптомсыз түрде өтіп жатыр, – деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Атырау облыстық ЖИТС-тың алдын алу және күресу жөніндегі орталықтың бөлім меңгерушісі Баян Аустниязованың айтуынша, коронавирусты жұқтырған адам ең бастысы үрейге бой алдырмауы керек.
«COVID-19 жұқпасы – кәдімгі инфекциялық аурудың бір түрі. Атауының өзі вирустың құрылысына қарай шығарылған. РНҚ құрамында вирусы бар, жұқтырылған иммунтапшылығының синдромына (ЖИТС) ұқсас. Біріншіден адамның иммундық жүйесін зақымдайды. ПТР снамасы арқылы Сізде коронавирус инфекциясы анықталса, әрі қарай ауру ағымы өзіңізді сезінуіңізге байланысты өтеді», – дейді Баян Аустниязова.
Маманның сөзінше, соңғы кезде коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың 80 пайызында ауру симптомсыз түрде өтіп жатыр. Сол себепті COVID-19 инфекциясы анықталып, бірақ аурудың клиникалық белгісі байқалмаса да науқас үй жағдайында оқшаулану керек. Отбасы мүшелеріне жұғу қауіпі болады. Сондықтан, алғашқы он күн бойы өзін оқшаулап, бетперде тағып жүруі керек.
Қолды сабындап жуып, антисептик пайдаланып, бөлмені желдетіп тұрғаны абзал. Өйткені, бұл аралықта инфекция адам ағзасында белсенді күйде тұрады. Он бірінші күні ғана инфекцияның жұғу қаупі бәсеңдейді. Содан кейін науқас аурудан айыққанын білу үшін ПТР сынамасын тапсырып көруіне болады.