Атырауда тергеудегі азаматтар «Спутник V» және QazCovid-in вакциналарын салдырды

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты тергеу изоляторында сот санкциясымен қамауға алынған тергеудегі азаматтар өз еріктерімен «Спутник V» және отандық QazCovid-in вакцинасын алды.
- Қазіргі кезде коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында салынатын вакцинаны алу әрбір адамның міндеті деп есептеймін. Вакцина салдыруға өз еркіммен келістім. Өйткені вакцина салдыру арқылы өзіңді де, өзгелерді де қорғайсың. Ешқандай жанама әсерлер бойымда байқалған жоқ. Қауіпті індетке қарсы вакцина ереже бойынша екі рет салынады екен. Енді екінші вакцинаны 21 күннен кейін салдыртамын,- деді ұрлық жасағаны үшін сотқа дейін қамауға алынған Қайрат.
УГ-157/1 мекемесінің бастығы Мейірбек Уразгалиевтің айтуынша, сотталғандар вакцина алуға өздері өтініш білдірген.
- Тергеудегі азаматтар вакцина алуға өздері өтініш берді. Бізге отандық және ресейлік вакцина да жеткізілді. Сол себепті вакцина алушылар өздері таңдайды. Бұған дейін тергеудегі азаматтарға дәрігер мамандар коронавирусты инфекцияның алдын алу барысында вакцинаның маңыздылығы мен вакцинаны егу әдістері және вакцинадан кейінгі күтім мен сақтық шаралары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді,- деді М.Уразгалиев.