Атырау облысында онкологиямен сырқаттану көрсеткіші 11,9% - ға төмендеді

Бұл туралы облыстық онкологиялық диспансердің директоры Эльмира Сапароваға сілтеме жасап Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

- Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылдың соңына қарай өңірде 1 063 қатерлі ісік ауруы тіркелген. Өкпе қатерлі ісігі жиі кездеседі, екінші орында сүт безі қатерлі ісігі, үшінші орында колоректальды қатерлі ісік, төртінші орында асқазан қатерлі ісігі. Әйелдерді жатыр мойны және сүт безі обырын анықтауға скринингтік тексерулермен қамту 92% және 94% құрады. Нәтижесінде сүт безі обырының 26 жағдайы, жатыр мойны обырының 16 жағдайы және тоқ ішек обырының бес жағдайы ерте сатысында анықталды, - деп хабарлады Э.Сапарова.

Оның айтуынша, жыл қорытындысы бойынша өлім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 74% - ды құрайды. Бұл көрсеткішті сақтап қалу және өлім-жітімнің алдын алу үшін тұрғындар дер кезінде емханаларға жүгінулері қажет.

Ағымдағы жылдың басынан бері облыста 241 науқас анықталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 29 – ға аз, сырқаттанушылық көрсеткішінің динамикасы 11,9% - ға төмендеді.

Естеріңізге сала кетейік, Атырауда онкологиялық диспансер 1973 жылы ашылған болатын. Келесі жылы диспансер мен радиологияның жаңа ғимаратын пайдалануға беру жоспарлануда.

azh.kz